Новости:

«Халықаралық Полиция Қауымдастығы»
Республикалық қоғамдық бірлестігінің
ЖАРҒЫСЫ

«Халықаралық Полиция Қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Құрылтай Конференциясы қабылдаған
2010 жылғы 13 наурыздағы № 1 хаттама, Астана қаласы.                                                                                      Скачать устав

 1.    ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

  

1.1. «Халықаралық Полиция Қауымдастығы)»  Республикалық қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі –  Бірлестік) ерікті, өзін-өзі басқаратын мүшелікке негізделген, ортақ мүдделерді қорғау және осы Жарғыда көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлескен қызмет негізінде біріккен азаматтар тобының бастамасымен құрылған коммерциялық емес қоғамдық бірлестік.

1.2. Бірлестік құрудың және оның қызметінің құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілері, Адам құқықтарының жалпыға ортақ  декларациясы, халықаралық құқық нормалары, осы Жарғы, Бірлестіктің басқа да құжаттары болып табылады.

1.3. Бірлестік заңды тұлға болып табылады, меншік құқығында оқшауланған мүлкі болады және осы мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап береді; өз атынан мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттер ала алады, сотта талапкер және жауапкер болады.


1.4. Бірлестік коммерциялық емес ұйым бола отырып, өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда табуды көздемейді және тапқан кірісті өз мүшелерінің арасында бөлмейді. Бірлестік өз қызметінің жарғылық мақсатына қол жеткізгенге дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысуы мүмкін.


1.5. Бірлестік өз қызметін дербес те, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және өзге де, соның ішінде халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықта да жүзеге асырады.

1.6. Бірлестік өз қызметін Бірлестіктің жарғылық мақсаттарына сәйкес өз мүшелерінің тең құқылылық, заңдылық пен жариялылық қағидаттарын негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында жүзеге асырады.


1.7. Бірлестік Қазақстан Республикасының  аумағында қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылымдық бөлімшелерін – филиалдар мен өкілдіктерін құруға құқылы. Бірлестіктің филиалдары мен өкілдіктері (бұдан әрі – филиалдар) осы Жарғының және Конференция бекіткен тиісті Ереженің негізінде әрекет етеді.


1.8. Бірлестік олардың ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан, басқа да қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, құрылтай құжаттарының және (немесе) одақтар (қауымдастықтар) қабылдаған  жарғылардың негізінде жаңа қоғамдық бірлестіктер құра отырып, қоғамдық бірлестіктер одағын (қауымдастығын) құруға құқылы.


1.9.    Бірлестік өз ұйымына мүшелікті, ішкі құрылымды, мақсатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қызметінің нысаны мен әдістерін анықтауда еркін болады.


1.10. Бірлестіктің, егер бұл іс-шара Бірлестіктің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келсе және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, түрлі мемлекеттік, қоғамдық және діни ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, шетелдік коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктер өткізетін іс-шараларға қатысуға құқығы бар. 

1.11. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының Бірлестік қызметіне кедергі келтіруіне, сол сияқты Бірлестіктің мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметіне кедергі келтіруіне жол берілмейді.

1.12. Бірлестік олармен келісім жасай отырып, мемлекеттік органдармен ынтымақтасады және өзара іс-қимыл жасайды, олар үшін шарт бойынша заңнамада көзделген нақты жұмыстарды орындайды.

1.13. Бірлестік аппараты қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.

1.14. Бірлестіктің атауы:
    Бірлестіктің мемлекеттік тілдегі толық атауы – «Халықаралық Полиция Қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі, Бірлестіктің мемлекеттік    тілде қысқартылған атауы – ХПҚ РҚБ;
    Бірлестіктің орыс тіліндегі толық атауы – Республиканское общественное объединение «Международная Полицейская Ассоциация », Бірлестіктің орыс тіліндегі қысқартылған атауы – РОО МПА;

1.15. Бірлестіктің ұраны:
    мемлекеттік тілде – «Достық арқылы қызмет»;
    орыс тілінде – «Служба через дружбу»;
    эсперанто тілінде – «Servo per amikeco».

1.16. Бірлестіктің орналасқан жері (заңды мекенжайы) – Қазақстан Республикасы, 010009, Астана қаласы, Алматы ауданы, Мүсірепов көшесі, 10/2 үй, 62 пәтер.

 

2. БІРЛЕСТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫ ЖӘНЕ НЫСАНЫ

 

2.1. Бірлестік:
- қазіргі және бұрынғы полиция қызметкерлерін, өзге де құқық қорғау органдарын біріктіру, олардың беделін көтеру, мәдени байланыстарын дамыту, әлеуметтік салада оның мүшелеріне өзара көмекті ұйымдастыру;
- Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды және құқықтық мемлекетті қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыруға, полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының жұмыс істейтін қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыруға   жәрдемдесу;
- халықаралық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту;
-  жастарды патриоттық тәрбіиелеуге бағытталған жұмыстар жүргізу мақсатында құрылған.

2.2. Жоғарыда аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Бірлестік мынадай міндеттерді шешуге ниетті:
- мемлекетте заң мен құқық тәртібін құрметтеуге жәрдемдесу, әлеуметтік және мәдени қызметті дамыту және кәсіби тәжірибемен алмасуды көтермелеу;
- кәсіби проблемаларды өзара түсінісуді жақсарту үшін басқа елдердегі полиция, өзге де  құқық қорғау органдары қызметкерлерінің достық байланысы арқылы халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу;
-  Бірлестік мүшелері балаларының байланысын дамытуға ықпал ету, адамдар арасында полиция, өзге де құқық қорғау органдары жұмысын түсінуде төзімділік пен келісімді дамыту мақсатында халықаралық жастар мен ардагерлер кездесулерін  өткізу;


2.3. Қолданыстағы заңнамаға және жарғылық мақсаттарға сәйкес Бірлестік қызметінің мәні:
- азаматтарға, ұйымдарға, мекемелер мен кәсіпорындарға заңгерлік және ақпараттық қызмет көрсету;
- запасқа шығарылған, қызметтік міндеттерін орындау кезінде еңбек қабілеттілігін жоғалтқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, қайтыс болған қызметкерлердің отбасы мүшелеріне атаулы материалдық көмек көрсету;
- азаматтарды құқықтық даярлау бағдарламаларын іске асыру үшін қазақстандық және шетелдік инвесторларды тарту, жеке, коммерциялық және экологиялық қауіпсіздікті, әлеуметтік бағдарламаларды қамтамасыз ету жөнінде іс-шаралар өткізу;
- құқықтық тақырыптағы әдебиеттер, оқу-әдістемелік құралдарын, жеке қауіпсіздік проблемалары, түрлі меншік нысандарын қорғау және басқа білім салалары  бойынша ұсынымдарды әзірлеу, басып шығару және тарату;
- Бірлестік мүшелерінің, Қазақстан Республикасының және шет елдердің құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жеке және ұжымдық байланыстарын өзара сапар, бірлескен мерекелер, салтанаттар, демалыстар және т.б. өткізу нысанында ұйымдастыру;
- Бірлестік мүшелерінің балалары үшін халықаралық жастар кездесулерін ұйымдастыру;
- Бірлестіктің бастамасымен ғылыми-практикалық және әдістемелік конференциялар өткізу;
- мемлекеттік (ұлттық) шараларды қоспағанда, мәдени-думанды және спорттық іс-шаралар, көрмелер, қайырымдылық аукциондарын, лотереялар және т.б. ұйымдастыру және өткізу;
- шетелдік мамандарды тарта отырып, шығармашылық ұжымдық, сарапшылық кеңестер құру;
- Бірлестіктің демалыс орталықтарын, еңбек және демалыс лагерлерін, ойын-сауық, спорттық-сауықтыру, медициналық-диагностикалық және емдеу кешендерін, клубтары мен мұражайларын құру және олардың қызметтерін қамтамасыз ету;
- Бірлестіктің мақсатына қол жеткізуге бағытталған тауарлар өндіру және қызметтер көрсету;
- басқа да коммерциялық емес  ұйымдар құру және қызметіне қатысу;

2.4. Лицензиялауға  жататын  қызметті жүзеге асыру үшін Бірлестік тиісті лицензиялар алуға міндетті.

2.5.  Бірлестіктің барлық қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алған қаражаты оның құрылтайшыларының, мүшелерінің арасында бөлінбейді, Бірлестік құрудағы мақсатқа бағытталады.

3. БІРЛЕСТІКТІҢ ЗАҢДЫҚ МӘРТЕБЕСІ, ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

3.1. Бірлестік мемлекеттік тіркелген сәттен бастап заңды тұлға болып табылады және жарғылық  мақсаттарын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
    - банктерде және өзге де кредиттік ұйыидарда  есептік, валюталық және басқа да шоттар ашуға;
    - Бірлестіктің мемлекеттік және орыс тілінде толық атауы бар мөрі, мөртабаны мен бланкілері болуға;
- өзінің символикасы  (ту, әнұран, эмблема, жалауша, белгілер) болуға;
    - меншігінде немесе жедел  басқаруында оқшауланған мүлкі, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасы болуға;
    - мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары  болуға және жүзеге асыруға;
    - егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, басқа заңды тұлға құруға;
    - филиалдар мен өкілдіктер ашуға;
    - Қазақстан Республикасының аумағында да, шетелде де осы Жарғыға және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін жағдайларда қауымдастықтар мен одақтарға, өзге де бірлестіктерге кіруге, олардың қызметіне қатысуға;
    - қаражатты Жарғыда көзделген мақсаттарды жүзеге асыруға пайдалануға;
    - сотта талапкер және жауапкер болуға;
    - өз қызметі туралы ақпарат таратуға;
    - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес  жиналыс, митинг, демонстрациялар, шерулер мен пикет өткізуге;
    - бұқаралық ақпарат құралдарын құруға және баспа қызметін жүзеге асыруға;
    - соттарда және басқа да мемлекеттік органдарда, өзге де қоғамдық бірлестіктерде өз мүшелерінің, сондай-ақ басқа азаматтардың  құқықтары мен заңды мүдделерін білдіруге және қорғауға;
    - халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктерге кіруге;
    - қоғамдық өмірдің түрлі мәселелері бойынша бастама жасауға, мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізуге;
    - Қазақстан Республикасы аумағында да, одан тыс жерлерде де өз атынан жеке және заңды тұлғалармен мәмілелер, өзге заңдық актілер жасауға;
    - Бірлестікке тиесілі қаржылық және материалдық қаражатқа иелік етуге, пайдалануға және жұмсауға;
    - заңды тұлға құқығында шаруашылық қоғам және серіктестік, сондай-ақ басқа шаруашылық есептік ұйымдар құруға;
    - барынша ерекшеленген Бірлестік мүшелеріне жыл сайын сыйақы, сондай-ақ заң оқу орындары мен факультеттерінің студенттеріне  шәкіртақылар беруге;
    - Бірлестік мүшелерінің және олардың  балаларының Қазақстан Республикасында да, шетелде де оқуына ақшалай қаражат бөлуге және олардың оқуға көлік шығыстарын қаржыландыруға;
    - өңірлік, өңіраралық, жалпы республикадық және халықаралық іс-шараларды, соның ішінде Бірлестік мүшелерінің Қазақтан Республикасы және шет елдер бойынша туристік сапарларын қаржыландыруға;
    - мемлекеттік, қоғамдық, жеке және басқа да кәсіпорындар мен ұйымдардан, сондай-ақ азаматтардан ақша қаражаты, мүлік, бағалы қағаз және қайырмалдық түрінде ерікті жарна тартуға және алуға;
    - Бірлестік мүшелері мен қызметкерлерін, өзге де мамандарды оқуға және мемлекетік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмыс тәжірибесін зерделеуге, конференцияларға, келіссөздерге қатысу, іскерлік байланыстар орнату үшін, сондай-ақ осы Жарғыда анықталған басқа да мақсаттар үшін  Қазақстан Республикасының өңірлеріне және шет елдерге іссапарға, тағылымдамаға, қайта даярлауға немесе біліктілігін көтеруге жіберуге, Қазақстан Республикасының өңірлерінен және шет елдерден мамандарды қабылдауға;
    - дербес, сол сияқты отандық және шетелдік жеке және заңды тұлғаларды тарта отырып, конференциялар, симпозиумдар, лекциялар, семинарлар, кездесулер өткізуге, мәдени бағдарламалар, көрмелер, аукциондар, лотереялар, мемлекеттік (ұлттық) шаралардан басқа, спорттық және өзге де іс-шаралар ұйымдастыруға;
    - ұйымдарға және азаматтарға Бірлестіктің жобалары мен бағдарламаларын іске асыру үшін қаржылық және өзге де көмек көрсетуге (соның ішінде мүлікті пайдалануға беруге);
    - ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға және қаржыландыруға
 құқығы бар.

3.2. Бірлестік филиалдарын қоса алғанда:
    - Қазақстан Республикасының заңнамасын, оның қызмет саласына қатысты халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптері мен нормаларын, сондай-ақ осы Жарғыда көзделген нормаларды сақтауға;
    - өз мүшелеріне олардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құжаттармен және шешімдермен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
    - өз мүшелеріне ақша қаражатының түсімдері мен шығыстары туралы ақпарат беруге;
    - тіркеуші органға Бірлестіктің тұрақты жұмыс істейтін басшы органының орналасқан жерінің және басшылары туралы деректердің өзгеруі туралы бірыңғай мемлекеттік тізілімге енгізілетін мәліметтер көлемінде хабардар етуге міндетті.

4. БІРЛЕСТІК ҚҰРУ

4.1. Бірлестік  18 жасқа толған, құқық қорғау органдары қызметкерлерінен және Бірлестіктің жарғылық мақсаттарын жүзеге асыруға мүдделіөзге де адамдардан  кемінде он адам құрылтай Конференциясын шақыратын Қазақстан Республикасының  азаматтар тобының бастамасы бойынша құрылады.

4.2. Бірлестік құру, Жарғыны бекіту, басшы және бақылау-тексеру органдарын қалыптастыру туралы шешім Бірлестіктің Құрылтай Конференциясында қабылданады.

4.3. Бірлестіктің заңды тұлға ретінде құқық қабілеттілігі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен оны тіркеген сәттен бастап туындайды.


5. БІРЛЕСТІККЕ МҮШЕЛІК, БІРЛЕСТІК МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

5.1. Бірлестікке мүшелік ерікті болып табылады. Бірлестікке мүшелікке кіру құқығы азаматтардың атағына, жынысына, нәсіліне, терісінің түсіне, тілі мені діни нанымына байланысты болмайды.

5.2. Осы Жарғыны танитын Қазақстан Республикасының азаматтары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері (жұмыс істейтін, отставкадағы және бұрын қызмет еткен) және Бірлестіктің жарғылық мақсаттарын жүзеге асыруға мүдделі өзге де адамдар Бірлестік мүшелері бола алады.

5.3. Бірлестікке мүшелікке қабылдау жеке тұлға берген өтініштің және оған қоса берілген құжаттардың негізінде жүзеге асырылады. Жеке тұлға берген өтініштері, соның ішінде Бірлестіктің филиалдары берген материалдар бойынша Бірлестікке мүшелікке қабылдау туралы шешімді осы Жарғыға және Бірлестікке мүшелік туралы ережеге сәйкес Орталық Атқарушы Комитет (бұдан әрі – ОАК) қабылдайды.

5.4. Бірлестіктің әрбір мүшесі Бірлестіктің құрылымдық бөлімшелерінің бірінде есепте тұруы тиіс. Бірлестік мүшелерінің есебін жүргізу тәртібі мен шарттарын Бірлестіктің ОАК-ы айқындайды.

5.5. Бірлестіктің жаңа қабылданған мүшелерін тіркеуді Бірлестіктің Бас хатшысы жүзеге асырады.

5.6. Бірлестікке әрбір кірген адам жыл сайын пластикалық мүшелік карточканы, куәлікті алады, ол Бірлестікке тиесіліліктің, жыл сайынғы мүшелік жарнаны төлеудің куәлігі болып табылады.  

5.7. Бірлестік мүшесі:
    - Бірлестік өткізетін іс-шараларға қатысуға;
    - Бірлестіктің басқарушы органдарына сайлауға және сайлануға;
    - Бірлестік қызметі туралы ақпарат алуға;
    - Бірлестіктің қызметіне қатысты ұсыныстар енгізуге, оларды талқылауға және іске асыруға қатысуға;
    - Бірлестіктің жәрдемі мен қорғауын, көмегі мен қолдауын пайдалануға;
    - Бірлестік ұсынатын консультациялық, құқықтық және әдістемелік көмектің барлық түрлерін пайдалануға;
    - оның органдарының жұмысына қатысу процесінде және осы органдардың шешімдерін орындау кезінде Бірлестіктің мүлкін пайдалануға;
    - Бірлестік органдарының алдына оның қызметіне қатысты мәселелерді қоюға, Бірлестіктің және оның органдарының жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуге, Бірлестік органдарының шешімдерді талқылауға және қабылдауға қатысуға;
    - Бірлестік мүшелігінен берілген өтініш негізінде ерікті түрде шығуға құқылы.

5.8. Бірлестік мүшелері:
    - осы Жарғыны сақтауға;
    - мүшелік жарналарды уақытылы төлеуге;
    - өз іс-әрекеті арқылы Бірлестікті әшкерелемеуге;
    - Бірлестіктің және оның басшы органдарының шешімдерін орындауға міндетті.

5.9. Кіру және жыл сайынғы  мүшелік жарналардың мөлшерін Орталық Атқару Комитетінің ұсынысы бойынша Бірлестік Конференциясы белгілейді.

5.10. Мүшелік жарнаны екі жыл бойы төлемеген Бірлестіктің мүшесі Бірлестікпен байланысты жоғалтқан деп саналады. ОАК дәлелді себептер бойынша өткен жылдың қарызын төлеуге рұқсат етуі мүмкін.

5.11. Бірлестікпен бұрын байланысын жоғалтқан адамдарды Бірлестікке мүшелікке қабылдау осы Жарғыға сәйкес жүзеге асырылады.

5.12. Бірлестіктің ОАК-не аударылатын, сондай-ақ филиалдардын иелігінде қалатын Бірлестіктің филиалдарының мүшелік жарналар мөлшері ОАК-тың ұсынысы бойынша Бірлестік Конференцияларында белгіленеді.  

5.13. Бірлестік мүшесі, егер ол өз іс-әрекетімен Бірлестіктің беделін түсірсе не өзгеше үлгіде осы Жарғының талаптарын өрескел бұзса, оның қатарынан шығарылуы мүмкін.
    Шығару туралы шешімді ОАК тиісті филиалдың ұсынымы және Бірлестіктің Ішкі Комиссиясының қарауы бойынша қабылдайды.
    Бірлестіктің шығарылған мүшесіне қабылданған шешім туралы ОАК жазбаша хабардар етеді.

5.14. Бірлестіктен шығарылған мүшесі қабылданған шешімге шағым беруге құқылы. Осы мәселе қабылданған шешім түпкілікті болып табылатын Бірлестіктің кезекті Конференциясында қаралады.

5.15. Бірлестікте «Халықаралық Полиция Қауымдастығының Құрметті мүшесі» атағы беріледі.
Бірлестіктің мүшелері, сондай-ақ өз қызметімен Бірлестікті жан-жақты дамытуға, оның өз жарғылық мақсаттарын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының басқа да азаматтары Халықаралық Полиция Қауымдастығының құрметті мүшелері  бола алады.
«Халықаралық Полиция Қауымдастығының Құрметті мүшесі» атағын беру туралы шешімді Бірлестіктің Орталық Атқарушы Комитеті қабылдайды.


6. БІРЛЕСТІКТІҢ ҰЙЫМДЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ, БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫ

6.1. Бірлестіктің басқару органдары:
- жоғары басқарушы органы Бірлестік қызметінің кез келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға құқылы Конференция болып табылады;
- кезекті және кезектен тыс шақырылатын Конференцияларының арасында қызметті жүзеге асыратын басқару органы – Орталық атқарушы комитет;
- жеке-дара атқарушы орган – Конференцияның айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, Бірлестіктің қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асыратын Бірлестіктің Президенті;
- бақылау органы – Орталық бақылау-тексеру комиссиясы (бұдан әрі - ОБТК) болып табылады.

6.2. Конференцияның айрықша құзыретіне:
- Бірлестіктің Жарғысын қабылдау, Жарғыға және бағдарламалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
- Бірлестіктің басқару органдарының құзыретін, ұйымдық құрылымын, қалыптастыру тәртібі мен өкілеттіктерін тоқтатуды айқындау;
- Бірлестік Президентінің қаржылық есепті беру тәртібі мен мерзімділігін, сондай-ақ Орталық бақылау-тексеру комиссиясының тексеру және олардың нәтижелерін бекіту тәртібін айқындау;
- заңнамалық актілерде белгіленген шектерде Бірлестіктің басқа да заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкілдерін құруға немесе оның қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;
- Бірлестікті ерікті  қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдау;
- ОАК туралы, ОБТК, Ақсақалдар кеңесі туралы, филиалдары мен өкілдіктері туралы, «Халықаралық Полиция Қауымдастығының Құрметті мүшесі» атағын беру туралы   ережелерді, жарғылық мақсаттарға сәйкес Бірлестік қызметін жүзеге асыру үшін талап етілетін өзге де ережелерді бекіту жатады.

6.3. Конференция, егер оған қатысатын немесе ұсынылған  Бірлестік мүшелерінің дауыстың жалпы санынан кемінде 2/3 жинақталса, заңды, ал кворум шарты сақталды деп танылады. Конференция шешімі Конференцияға қатысып отырған және ұсынылған Бірлестік мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.

6.4. Бірлестіктің тұрақты жұмыс істейтін басқарушы органы Конференцияда сайланатын және оған есеп беретін сайланбалы алқалы орган – Орталық Атқарушы Комитет болып табылады.
ОАК мүшелері Бірлестіктің нақты мүшелерінің ішінен қарапайым көпшілік дауыспен төрт жыл мерзімге сайланады. Төрт жыл мерзім біткен соң бір айдың ішінде ОАК-ның бұрынғы мүшелері өз өкілеттіктерін жаңадан сайланған адамдарға береді.
ОАК құрамына:
-    Президент;
-    Бас хатшы;
-    Қазынашы;
-    Тұрақты комиссиялардың Төрағалары;
-    Президенттің, Бас хатшының, Қазынашының көмекшілері;
-    кеңесшілер кіреді.
ОАК саны Конференцияда белгіленеді.

6.5. ОАК құзыретіне:
- Конференция шешімдері мен осы Жарғылан және Бірлестіктің бағдарламалық құжаттарынан туындайтын міндеттерді ұйымдастыру және орындау;
- кезекті Конференцияны шақыру;
- Бірлестік қызметінің негізгі міндеттерін айқындау;
- Жарғыға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар енгізу;
- Қазақстан Республикасының заңнамасы және халықаралық құқық шеңберінде филиалдарды, өкілдіктерді және басқа да құрылымдарды құру туралы ұсыныстар енгізу;
- Бірлестіктің қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешу;
- кіру және жыл сайынғы мүшелік жарналар мөлшерін айқындау;
- осы Жарғыда көзделген қызметті жүзеге асыру үшін қосымша қаржылық және матералдық қаражат көздерін тарту;
- Бірлестіктің перспективалық жұмыс жоспарларын, ұзақ мерзімді бағдарламалар жобаларын және оларды іске асыру туралы есептерді бекіту;
- Бірлестіктің бас бухгалтерін іріктеуді және жұмысқа қабылдауды жүзеге асыру;
- Бірлестік аппаратының штат кестесін бекіту;
- Бірлестік аппараты қызметкерлерінің жалақысы мен лауазымдық жалақыларының ставкаларын белгілеу;
- Бірлестік аппаратының қызметкерлері үшін ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және қабылдау;
- Бірлестік филиалдары мен өкілдіктерінің  қызметі және оған басшылық жасау туралы ережені бекіту;
- Бірлестік мүшелерін және Бірлестікке үйымдастырушылық, қаржылық, материалдық және өзге де көмек көрсеткен  өзге де адамдарды көтермелеу нысандарын айқындау;
- стипендиялар тағайындау және осы Жарғыға сәйкес қаржылық көмек көрсетілуі мүмкін адамдарды материалдық қолдаудың өзге де нысандарын айқындау;
- Конференцияның құзыретіне жатқызылған Бірлестіктің өзге де мәселелерін қарау және шешу жатады.

6.6. ОАК өз құзыретінің шегінде Бірлестіктің филиалдары, мүшелері мен қызметкерлері үшін міндетті шешімдер қабылдайды.
Егер ОАК өз қызметін жүзеге асыра алмайтын күйде болса, онда Ақсақалдар кеңесі ОАК-тың жаңа сайлауына дейін Бірлестіктің қызметі үшін жауап беретін Дағдарыс комитетін құрады.

6.7. ОАК өз отырыстарына қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет жиналады.
ОАК отырысы, егер оған ОАК мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, заңды. Отырыстар арасындағы аралықта ОАК құзыретіне жататын мәселелерді жазбаша сауал арқылы немесе ОАК мүшелері үшін қолайлы өзге де тәсілмен шешуге болады.
ОАК шешімі оның отырысына қатысатын ОАК мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
ОАК отырыстарына Бірлестіктің Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Тұрақты комиссиялардың басқармаларының біреуі төрағалық етеді. Бірлестіктің Бас хатшысы ОАК отырыстарының хаттамаларын жүргізуді қамтамасыз етеді. Хаттамаларға төрағалық етуші және Бірлестіктің Бас хатшысы қол қояды. ОАК отырыстарында Бас хатшының міндеттері оның көмекшісіне немесе  ОАК-тың кез келген мүшесіне жүктелуі мүмкін.
ОАК мүшелері өз жұмысын қоғамдық негіздерде жүргізеді.

6.8. Бірлестікте Тұрақты комиссиялар (мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі, ішкі, кәсіптік, әлеуметтік және мәдени және т.б.) жұмыс істейді. Тұрақты комиссияларды ОАК мүшелері басқарады.

6.9. Бірлестіктің Президентін Конференция төрт жыл мерзімге сайлайды және ол мынадай өкілеттіктерді иеленеді:
- Бірлестікке жалпы басшылықты жүзеге асырады және оның мүдделерін Қазақстан Республикасында да, шетелде де мемлекеттік және сот органдарымен, ұйымдармен, мекемелермен, кәсіпорындармен қарым-қатынастарда сенімхатсыз білдіреді.
- Конференция мен ОАК шешімдерін іске асырады;
- Бірлестік аппаратының штат кестесін бекітеді;
- Бірлестіктің ағымдағы жұмыс жоспарын бекітеді;
- Бірлестіктің мүлкін, мүліктік құқықтарын және ақшалай қаражатын басқаруды жүзеге асырады;
- шаруашылық және басқа да шарттарға отырады, қаржылық және өзге де құжаттарға қол қою құқығын иеленеді.

6.10. Бірлестіктің Бас хатшысы Конференцияда төрт жыл мерзімге сайланады және ол мынадай өкілеттіктерді иеленеді:
- Қазақстан Республикасында да, шетелде де мемлекеттік және сот органдарымен, Бірлестіктермен, мекемелермен, кәсіпорындармен қарым-қатынастарда Бірлестікті білдіреді;
- атқарушылық-өкімгерлік функцияларды, Бірлестіктің қызметіне ағымдағы басшылық жасауды жүзеге асырады;
- Президентпен бірлесіп, Бірлестік аппаратының штат кестесін әзілейді;
- Бірлестіктің құжаттарына қол қою құқықтарын иеленеді.

6.11. Бірлестіктің Қазынашысы конференцияда төрт жыл мерзімге сайланады және ол мынадай өкілеттіктерді иеленеді:
- Бірлестікте мүшелік жарналар жинауды ұйымдастырады;
- Бірлестікте күнтізбелік жылға сәйкес келетін әрбір қаржы жылы үшін мүшелік жарналардың жұмсалуы туралы есептерді ұсынады;
- Президентпен немесе ОАК-ның басқа да мүшесімен бірлесіп, олардың құзыретіне сәйкес активтер мен пассивтердің қозғалысына қатысты кез келген қаржылық құжаттарға қол қояды;
- жыл сайын 31 желтоқсандағы жай-күй бойынша аудиторларды (тексерушілерді) тарта отырып, шоттарды бақылау тексерін жүргізеді және бір айдың ішінде ОАК қарауына қаржылық есепті ұсынады. Осындай есепті Қазынашы Конференцияларда ұсынады.

6.12. Бірлестіктің қызметін бақылауды Орталық бақылау-тексеру комиссиясы жүзеге асырады.
ОБТК құрамы Конференцияда 4 жыл мерзімге сайланады. ОБТК құрамына кемінде үш тексеруші сайланады.
ОБТК Конференцияның есептік-сайлау жұмыстары басталғанға дейін екі ай бұрын және жыл сайынғы есептік Конференцияға дейін – бір ай бұрын атқарылған жұмыс туралы баяндама ұсынуға міндетті.

6.13. Ақсақалдар Кеңесі алқалы орган болып табылады және дағдарыс және өзге де ахуалдарды шешу үшін қызмет етеді. Оның  қызметі Ақсақалдар Кеңесі туралы ережемен регламенттеледі.

6.14. Бірлестік өз қызметін жүзеге асыру үшін Бірлестік қызметкерлерінің ақылы аппаратын құруға, шарттық негізде жекелеген мамандар мен өзге де азаматтарды қатысуға тартуға, олардың еңбегіне ақы төлеу мөлшері  нысандарын дербес айқындай отырып, нақты міндеттерді орындау үшін уақытша топтарды қалыптастыруға құқылы.
Жалдау бойынша жұмыс істейтін Бірлестік аппаратының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек туралы және әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.

7. БІРЛЕСТІКТІҢ МЕНШІГІ. БІРЛЕСТІКТІҢ МҮЛКІН БАСҚАРУ

7.1. Бірлестіктің меншігі осы Жарғыда көзделген қзметті материалдық қамтамасыз ету үшін қажет объектілер болып табылады.

7.2. Бірлестіктің меншігінде  жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, имараттар, тұрғын үй қоры, көлік, жабдық, мүкәммал заттар, мәдени-ағартушылық және сауықтыру мақсатындағы мүлкі, ақшалай қаражат, акциялары, басқа да бағалы қағаздар және осы Жарғыда көрсетілген Бірлестік қызметін материалдық қамтамасыз ету үшін қажет өзге де мүлкі болады.

7.3. Бірлестіктің меншігінде оның жарғылық мақсаттарына сәйкес Бірлестік қаражатының есебінен құрылатын және сатып алынатын мекемелер, баспалар, бұқаралық ақпарат құралдары да бола алады.

7.4. Бірлестіктің ақшалай қаражаты кіру және мүшелік жарналардан; ерікті жарналар мен қайырмалдықтардан; мемлекеттік (ұлттық) шаралардан басқа, осы Жарғыға сәйкес дәрістер, көрмелер, спорт және өзге де шараларды, лотереяларды өткізуден түскен түсімдерден; өндірістік және өзге де шаруашылық қызмет кірістерінен; заңнамалық актілермен тыйым салынбаған басқа да түсімдерден қалыптасады.

7.5. Бірлестік заңды тұлға құқығын алған сәттен бастап мүліктің меншік иесі болады.

7.6. Бірлестік мүшелерінің (қатысушыларының) олардың Бірлестікке берілген  мүлкіне, соның ішінде мүшелік жарналарға құқығы жоқ. Олар мүшелер (қатысушылар) ретінде қатысатын Бірлестіктің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал Бірлестік өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

7.7. Бірлестіктің өз қаражатын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануына жол беріледі.

7.8. Бірлестіктің меншігі Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалады.

8. БІРЛЕСТІК ФИЛИАЛДАРЫНЫҢ  ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

8.1. Бірлестік Қазақстан Республикасының барлық облыстарында филиалдар құруға және өкілдіктер ашуға құқылы.
Филиалдар Конференцияның шешімі бойынша құрылады. Филиалдар олар туралы Ереженің негізінде аумақтық әділет органдарында есептік мемлекеттік тіркелген сәттен бастап ағымдағы шоттар ашуға, мөрі мен белгіленген үлгідегі бланкілері болуға құқылы. Бірлестіктің филиалдары Конференция бекітетін осы Жарғы мен Ережелердің негізінде әрекет етеді.
Бірлестік өзінің республикалық мәртебесін растау үшін мемлекеттік тіркелгеннен кейін бір жылдың ішінде  белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астам аумағында өз филиалдарын тіркеуге тиіс.
Бірлестіктің филиалдарында қызметті ұйымдастыру әрі қамтамасыз ету үшін Өңірлік Атқару комитеттері (бұдан әрі - ӨАК) құрылады.
Бірлестік филиалдарының немесе өкілдіктерінің басшылары Бірлестік Жарғысында және оның филиалы немесе өкілдігі туралы ережеде көзделген тәртіппен сайланады.

8.2. Филиалдар және өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайды, Бірлестік бекіткен ереженің негізінде әрекет жасайды. Филиалдың немесе өкілдіктің мүлкі бөлек баланста және Бірлестіктің балансында ескеріледі.

8.3. Филиал және өкілдік қызметін Бірлестіктің атынан жүзеге асырады. Өз филиалының не өкілдіктің қызметі үшін жауапкершілікті Бірлестік көтереді.

8.4. Өзінің ағымдағы жұмысында Бірлестік филиалдары мен өкілдіктерінің басшылары Конференцияның және ОАК шешіміне, Конференция бекіткен олар туралы Ережемен бағынады және өзінің барлық әрекеттерін ОАК-пен келіседі.

8.5. Филиалдарға қандай да бір наградаларды және ескерткіш белгілерді беру Бірлестіктің Ішкі Комиссиясының ұсынысы бойынша тек  ОАК шешімі бойынша шешіледі.

9. БІРЛЕСТІК ЖАРҒЫСЫНА
ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ

 

9.1. Бірлестік Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімді Бірлестік Конференциясы қабылдайды.

9.2. Бірлестік Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органда тіркеледі.

10. БІРЛЕСТІКТІ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

10.1. Бірлестікті қайта ұйымдастыру (бірігу, қосылу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) және тарату Бірлестіктің филиалдары мен өкілдіктерінің кемінде төрттен үш делегаттары қатысатын Бірлестіктің Кезектен тыс Конференциясының шешімі бойынша дауыс беру нәтижесінде осы Жарғыға сәйкес қатысушылардың кемінде ¾ дауысымен, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырылады.

10.2. Бірлестікті тарату туралы шешім қабылдаған Конференция Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тарату комиссиясын тағайындайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес Бірлестікті тарату тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.

10.3. Тарату комиссиясы тағайындалған сәттен бастап оған Бірлестіктің мүлкі мен істерін басқару өкілеттіктері көшеді. Тарату комиссиясы Бірлестіктің атынан сотта сөз сөйлейді.

10.4. Бірлестік Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда сот шешімі бойынша да таратылуы мүмкін.
Бірлестікті тарату туралы сот шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.

10.5. Бірлестікті тарату нәтижесінде қалған мүлік пен қаражат Конференцияның шешімі бойынша оны қайта ұйымдастырғаннан кейін және кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексінде және өзге де заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жаңада туындаған заңды тұлғаға көшеді.

10.6. Қалған мүлікті пайдалану туралы шешімді тарату комиссиясы баспаға жариялайды.

10.7.  Бірлестікті тарату туралы шешім заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен Бірлестікті шығару үшін әділет органдарына жіберіледі.

10.8.. Бірлестік құжаттардың есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етеді және Бірлестік қызметін тоқтатқан кезде көрсетілген құжаттар уақытында заңда көзделген тәртіппен мемлекеттік сақтауға беріледі.

11. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

11.1. Бірлестіктің басқарушы құжаттары: осы Жарғы; Бірлестіктің филиалдары мен өкілдіктері туралы ереже; Конференцияларды өткізу регламенті; Бірлестік қызметкерлеріне арналған ішкі еңбек тәртібінің ережесі және басқа да құжаттар болып табылады.

11.2. Бірлестік Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Жарғыға сәйкес халықаралық байланыстарды қолдайды, тиісті келісімдер жасасады, өңірлікті қоспағанда, халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктерге ұжымдық мүше ретінде бола алады.

11.3. Бірлестік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпыға танылған халықаралық құқық принциптері мен нормалардың, халықаралық шарттар мен тиісті  мемлекеттердің заңнамасы негізінде шет мемлекеттерде өзінің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдар мен өкілдіктерді) құра алады.

11.4. Осы Жарғы  Бірлестіктің Құрылтай Конференциясында
2010 жылғы 13 наурызда Астана қаласында қабылданды.

2017  International Police Association(Казахстан) WebMaster Нуртаев М.К.